ДҮНИЕЖҮЖІЛІК ГЕПАТИТПЕН КҮРЕС КҮНІ. ОРТАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАДА БАУЫР АУРУЛАРЫН ҚАЛАЙ ЕМДЕЙДІ
Бауыр – адам ағзасындағы маңызы зор орган, ол бойымыздағы заттектердің алмасу процестерінің барлығына қатысады, өт қызметін реттейді, сүзгі функциясын атқарады.
Дегенімен, бауыр ауруларының ерекшелігі – мұнда ауырсыну рецепторы жоқ. Бауырдың өзі ауырмайды. Науқас оның көлемі ұлғайып, бауыр капсуласы кеңейіп кеткенде ғана бірдеңенің дұрыс еместігін түсінеді. Бауыр ауруларына гепатиттер, оның ішінде токсик гепатит, цирроз, майлы гепатоз, түрлі өскіндер, паразиттік жарақаттар жатады.
– Орталық клиникалық ауруханада біз ең алдымен бауыры ауыратын пациенттің диетасын реттейміз, ауруының себептерін анықтап, толық емдеу шарасын белгілейміз. Оның ішіне дәрі де, емдік дене шынықтыру да, барокамера мен гемокоррекциялық шаралар да кіреді, – дейді гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі Жанат Әдибай. – Аурудың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстанып, тамақтануда шектеулерді сақтаған дұрыс. Күйзеліске ұшырамауға тырысып, уақытылы скрининг өтіп тұру қажет. Гепатит жұқтырып алу қаупі әсіресе сұлулық салондарына, стоматологияға барып тұратын, инемен емделіп, қан құйдыратын адамдарға төнеді.
Денсаулығыңызда мына белгілер пайда болса, дереу дәрігер көмегіне жүгіну керек:
• асқазан бұзылуы: лоқсу, құсу, диарея, іш қатуы, метеоризм, кекірік;
• тері мен көз ішінің сарғаюы;
• тері бөртіп, қышуы;
• тез шаршау, әлсіздік;
• несептің күңгірттеніп, нәжістің ақшылдануы;
• алақанда симметриялы қызыл дақтардың пайда болуы;
• кейде – қызудың көтерілуі;
• асқазан, оң жақ қабырға тұсында ауыртпалық сезіну;
• аяқтың ісінуі;
• іштің ұлғаюы (асцит);
• күндіз ұйқы басып, түнде ұйқысыздық мазаласа;
• тамырлардың жарықшақтанып, теріден көріне бастауы;
• тәбет шаппай, салмақтың түсуі.